Оглавление
- Қара сөз
- I сөз
- II сөз
- III сөз
- IV сөз
- V сөз
- VI сөз
- VII сөз
- VIII сөз
- IX сөз
- X сөз
- XI сөз
- XII сөз
- XIII сөз
- XIV сөз
- XV сөз
- XVI сөз
- XVII сөз
- XVIII сөз
- XIX сөз
- XX сөз
- XXI сөз
- XXII сөз
- XXIII сөз
- (XXIV сөз)
- XXV сөз
- XXVI сөз
- XXVII сөз
- XXVIII сөз
- XXIX сөз
- XXX сөз
- XXXI сөз
- XXXII сөз
- XXXIII сөз
- XXXIV сөз
- XXXV сөз
- XXXVI сөз
- XXXVII сөз
- XXXVIII сөз
- XXXIX сөз
- XXXX сөз
- XXXXI сөз
- XXXXII сөз
- XXXXIII сөз
- XXXXIV сөз
- XXXXV сөз
XXI сөз
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.
Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.